Республика күнінің қарсаңында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова еліміздегі мұғалімдер арасындағы ең ауқымды әрі беделді байқаудың жеңімпаздарын «Үздік педагог» атағымен марапаттады.
Биылғы жылы бұл атаққа қазақстандық 64 мұғалім лайықты деп танылып мектеп-интернатымыздың информатика пәні мұғалімі Саудабаева Маржан Амакелдіқызы “Үздік Педагог - 2025” атанды. Жеңімпаздар марапатпен бірге 1000 АЕК көлеміндегі сыйақыға ие болды.
Елімізде 2012 жылдан бастап өткізіліп келе жатқан дәстүрлі байқаудың нәтижесі бойынша осыған дейін 752 ұстаз «Үздік педагог» атағын иеленген.
Айта кету керек, биылғы жылы «Үздік педагог» республикалық байқауының іріктеу кезеңіне 1468 маман қатысып, одан өткен 793 педагог облыстық деңгейде бақ сынады. Дәстүрлі конкурстың финалдық кезеңіне 174 маман жолдама алды. Оның ішінде орта білім беру, кәсіптік және техникалық білім беру, мектепке дейінгі, қосымша білім беру ұйымдарының педагогтері бар. 
«Бұл байқау дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Мемлекеттің ұстаздарды қолдауы білім саясатының басты бағыты ретінде айқындалады. Республика көлемінде үздік педагогтер пулы қалыптастырылды. Ендігі міндет – әр білім беру деңгейі бойынша үздік ұстаздарымыздың озық тәжірибесін кеңінен таратып, жас педагогтерді тағылымдамадан өткізу арқылы кәсіби дамуына жүйелі қолдау көрсету. Біздің басты мақсатымыз – әр баланың әлеуетін ашуға, өмірде өз орнын табуға мүмкіндік беретін әділ, қолжетімді және сапалы білім жүйесін қалыптастыру. Мемлекет басшысының қолдауы мен қоғамның сенімі – осы жұмыстың басты қозғаушы күші», - деді министр өз құттықтауында.
@marzhan_bake Маржан Амакенлдіқызын шын жүректен құттықтаймыз!